Фариза Танаева: «Дәрежан Өмірбаевтың кейіпкер түсімен жұмыс істеуі жаныма жақын»

Фариза Танаева 1991 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2016 жылы Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «ТВ режиссурасы» (Анар Жүнісова шеберханасы) мамандығын және 2018 жылы аталмыш оқу орнында магистратурасын тәмамдады.
- Сіз үшін кино деген ұғым қандай мағына береді?
Кино мен үшін бір жағынан өнер, бір жағынан өзіңнің әлемге қарым-қатынасыңды, нақты оқиғаларға көзқарасыңды жеткізу, біраздан бері жиналған ойларыңды айту мүмкіндігі. Бірақ, алғашқыда осылай болғанымен, уақыт өте келе өзің айналысатын іске қарым-қатынасың өзгеруі мүмкін ғой? Кей-кездері айтарың болмай қалып жатады. Сол кезде, мүмкін киноны басқа көзқараспен түсіре бастайсың. Ал, әзірге мен үшін кино тереңге бойлаған ойларды жеткізу мүмкіндігі. Сондай-ақ, мені мазалайтын тақырыптарды қозғау.
- Кино саласына келуіңізге себепкер болған кім/не?
Менің әкем мен туыс ағам өз замандарында беделді сценаристер болған. Өкінішке орай, олар өмірден ерте кетті де, олардан тәжірибе жинап, қолдау сезіне алмадым. Олардың жолын қуам деп ешқашан ойламаппын. Бірақ бойымдағы ұйымдастырушылық қабілеті мен шығармашылық ойлау қабілеті көп байқалатын. Біртекті офис жұмысы маған арналмаған. Сондықтан, екінші мамандығымды дұрыс-бұрысын саралап, саналы түрде таңдадым. Бұл ойымды іске асыруға Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА көркемөнер факультетінің соңғы курсында оқитын ағам көмектесті. Осылайша мен де академияға келдім.
- Сізді шабыттандыратын қай режиссердің шығармашылығы? Олардың жұмыстары несімен ерекшеленеді?
Ким Ки-Дуктың (Kim Ki-duk) фильмдеріне айналшықтап келе беремін, бүйрегім бұрып тұрады. Оның әр фильмінде мен өз фильмдерімде көрсеткім келмейтін зорлық, қатыгездік бар. Бірақ, Ким Ки-Дук жақсы әңгімелеуші. Сондықтан да, фильмдері өзіне тартып тұрады. Оның фильмдерінде абсурд болғанымен, кейіпкерлері өте шынайы, боямасыз. Сондай-ақ, Брессонның (Robert Bresson) минимализмі мен Дәрежан Өмірбаевтың кейіпкер түсімен жұмыс істеуі жаныма жақын.
- Киноның қоғамдағы ролі қандай болуы қажет?
Киноның қоғамдағы ролі туралы айтатын болсақ, ол біркелкі емес. Ол – мәдениет әрі насихат құралы, одан өзге бос уақытты өткізудің, көңіл көтерудің амалы. Ол – жігерленетін және білім алатын мүмкіндік. Кино әркелкі болуы керек – интеллектуалды, қарапайым. Ойыңды бір сәтке ысырып қойып, көрсетілімнен кейін жеңілдеуің үшін.
- Қазақ киносының өткені мен бүгінін салыстырып қарайтын болсақ, қандай өзгерістер орын алып отыр?
Қазақ кинематографиясын жақсы білмегендіктен, бұл сұраққа кесіп жауап беру қиын. Сұраққа жауап беру үшін өзің үшін анализ жасау керексің. Бірақ, бүгінгі киногерлер үшін көп мүмкіндік бар. Қазір бәрі оңай. Егер идея болса, оны жүзеге асыру алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда оңай болып кеткен. Қазір шетінен бәрі режиссер. Телефонға да фильм түсіре береді. Бәрі оңай. Бірақ бұл біздің елде ғана болып жатқан құбылыс емес.
- «Байқоңыр» кинофестивалінде көрсетілген фильміңіздің идеясы қалай пайда болды?
Бұл оқиға менің өмірімнен алынған. Әрине, сценарий жазу барысы мен түсірілім кезінде өзгеріс болды. Бірақ негізгі идея өмірден алынған. Барлық режиссер шығармашылық жолының алғашқы кезеңінде өздері жайлы фильм түсіреді. «Әке» фильмі менің әкеме деген махаббатым, бауыр басу, отбасылық мәселелер жайлы. Ата-анам қандай сезімде болғандарын білмеймін, бірақ мен сол кезден қалған сезімдеріммен бөлісе алдым. Сондықтан, фильмді мен қыздың көзқарасы арқылы түсірдім.
Дайындаған Baiqonyr SFF дирекциясы
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін