È

Жас киноның жаңа тынысы: XIII «Үміт» форумынан

Жас киноның жаңа тынысы: XIII «Үміт» форумынан

Жыл сайын Қырғызстанда өтетін «Үміт» жастар киносының форумы Орталық Азиядағы режиссерлер үшін өз жұмыстарын ұсынатын маңызды алаңға айналып келеді. Биылғы XIII форум 4-7 наурыз аралығында өтті. Бағдарлама бұрынғыдан да кеңейтілген форматта ұйымдастырылды: халықаралық қысқаметражды фильмдер байқауына 18 картина қатысып, олардың төртеуі қазақстандық авторлардың жұмыстары болды, ал ұлттық конкурста 19 фильм көрсетілді. Қатысушылардың жұмыстары тек тақырыптық әртүрлілігімен емес, сонымен қатар жас авторлардың заманауи кино тілін іздеуге деген ұмтылысы арқылы ерекшеленді. Әлеуметтік мәселелерден бастап жеке психологиялық тәжірибелерге дейінгі кең ауқымды қамтитын фильмдер шағын форматқа қарамастан күрделі драматургиялық құрылым мен көркемдік шешімдерді ұсынуға талпыныс жасап, көрерменге эмоционалды және ойландыратын тәжірибе сыйлады.


  • «Клоун» реж. Ахаджон Охунов, Өзбекстан, 2025, 9 минут

Ахаджон Охуновтың «Клоун» қысқаметражды фильмі сахнаға шығар алдындағы тыныш, бірақ психологиялық тұрғыдан күрделі сәтті бақылайды. Камера грим бөлмесінде отырған кейіпкерді қалт жібермей ілеседі: ол асықпай макияж жағып, костюмін киіп, біртіндеп клоун бейнесіне енеді. Бұл процесс кәдімгі дайындыққа қоса, тұлғаның уақытша өзгеруі іспетті. Жеке күйзеліс пен ішкі ауырлық сырт көзге көрінбейтін сахналық күлкіге жол беруі керек. Көрермен актердің кәсіби міндеті мен адамдық сезімдерінің арасындағы нәзік қайшылықты осы сәтте сезеді.

Фильм біркадрлы түсірілім арқылы құрылған. Үздіксіз қозғалған камера кейіпкердің уақытқа созылған ішкі күйін сездіреді, ал әрекеттің баяулығы оның психологиялық салмағын арттыра түседі. Кадрдағы түстер де назар аудартады: қанық, «қышқыл» реңктерге жақын жасыл гамма алғашқыда цирктік көңілділікті еске түсіргенімен, біртіндеп әлдебір мазасыздық пен жасандылық әсерін тудырады. Бұл визуалдық шешім сайқымазақтың көңілділік пен ішкі шаршау арасындағы контрастты күшейтеді. Туынды кеңістігі дәліз бен грим бөлмесі сахнаға апарар өткел. Бейненің қалыптасуы дәл осы аралықта жүреді. Дегенмен драмалық әсер көбіне музыка арқылы берілген. Кейбір тұстарда үнсіздікке орын берілсе, кадрдың өзіндегі кернеу әлдеқайда анық сезілер еді.

«Клоун» - сахна сыртындағы қысқа, бірақ мағыналы бақылау. Фильм актерлік өнердің көрінбейтін жағын көрсетіп, күлкі маскасының артында көбіне айтылмайтын жеке сезімдер жататынын еске салатын студенттік жұмыс.

  • «Оно живет под снегом» реж. Игорь Смола, Сингапур-Әзербайжан, 2025, 16 минут

Қарлы, оқшау ауылда адамдардың жоғалуы бұрыннан айтылып келе жатқан үрейлі аңызға айналған. Бұл жолы жоғалған - Мурад. Оны іздеуге шыққан топ біртіндеп ауыл ішінде тараған көне мифке қар астында мекендейді делінетін белгісіз жаратылыс туралы әңгімеге қайта оралады.

Фильм қорқынышты әсерді тосын үркітулер (скример) арқылы емес, біртіндеп жиналатын атмосфералық кернеу арқылы қалыптастырады. Оқиға сызықтық түрде өрбімейді: ауыл тұрғындары өз естеліктерін айтып, белгісізбен бетпе-бет келген сәттерін немесе жоғалған жақындары жайлы бөліседі. Осы фрагменттер біріге келе тұтас оқиғадан гөрі ұжымдық тәжірибені еске салатын құрылым түзеді. Кадрдағы бейнелеу шешімі де осы көңіл күйге бағынады. Қысқа тән бозғылт, суық түстер кеңістікті өмірден ажырағандай әсер қалдырады. Дыбыстық қабат ерекше ұқыптылықпен жасалған: төмен жиілікті гуіл, әлсін-әлсін бұрмаланған дыбыс, жел мен қардың үндері көрінбейтін қауіптің бар екенін сездіреді. Режиссер мокьюментари тәсілін де пайдаланады кейіпкерлермен сұхбаттар, зерттеу сипатына жақын баяндау, псевдоархивтік фотосуреттер фильмге деректілік реңк береді. Жергілікті фольклор мен шағын қауымның тұйық әлемі картинаның өзегіне айналған. Режиссер Игорь Смоланың «Оно живет под снегом» фильмі нақты жауап ұсынудан гөрі, белгісіздік сезімін сақтап қалуға тырысады: қар астындағы құпия көрінбейді, бірақ оның бар екенін адамдардың үніндегі қорқыныш сездіруде.

  • «Кызыл туфли» реж. Алина Байтокова, Қырғызстан-Әзербайжан, 2025 , 13 минут

2025 жылы өткен XII «Умут» жас кино форумының питчингінде лауреат атанған Алина Байтокованың «Кызыл туфли» фильмі кейін форумның ұлттық конкурстық бағдарламасына енген жұмыстардың бірі. Қысқаметражды картина шағын тұрмыстық эпизодқа құрылғанымен, оның астарында бүгінгі Орталық Азия қоғамына тән құбылыс еңбек миграциясының отбасы құрылымына әсері байқалады.

Фильм бес жасар Жамалдың көзқарасы арқылы өрбиді. Әжесімен бірге тұратын қыздың өміріне қызыл туфли киген әйелдің келуі тыныш күн тәртібін бұзады. Әжесі оны қуана қарсы алғанымен, Жамал бейтаныс қонаққа жақындай алмай, табалдырықта кідіріп қалады. Осы қысқа жағдаят арқылы ана мен бала арасындағы үзілген байланыс байқалады: ұзақ уақыт сыртта жүрген ана өз қызына бөтен адамдай көрінеді. Режиссер драматургияны айқын қақтығысқа емес, баланың әлемді сезіну тәсіліне сүйеніп құрады. Сондықтан фильмде оқиға сыртқы әрекеттен гөрі бақылауға, ұсақ детальдарға және атмосфераға негізделген. Камера баланың назарын қайталайды: кадр көбіне көзге бірден түсетін ұсақ белгілерге түске, затқа, қимылға тоқталады.

Картинадағы негізгі визуалдық мотив - қызыл түс. Ол тек туфлиде ғана емес, интерьердегі детальдарда, жылы реңктерде қайталанып отырады. Фильмнің басындағы эпизодта Жамал өзен жағасында гүл жапырақтарын тырнағына жабыстырып, өзіне «қызыл тырнақ» жасайды. Бұл көрініс баланың әйелдік әлемге деген алғашқы, аңғал қызығушылығын білдіреді. Қырғыз, қазақ халықтарында кездесетін «қыздың көзі қызылда» деген тіркес те осы символиканы тереңдете түседі: қызыл түс әсемдікке, тартымдылыққа, еліктеуге қатысты мәдени кодты еске салады.

«Кызыл туфли» үш буын - әже, ана және қыз арасындағы үнсіз байланысты зерттейді. Фильмнің эмоционалдық өзегі ашық драмадан емес, дәл осы үнсіз қашықтықтан туады: бір үйдің ішінде тұрған адамдарды уақыт пен өмір тәжірибесі ажыратып тұрғандай.

  • «Что ты наделала, Зарина?» реж. Камила Сағынтқан, Қазақстан, 2025, 26 минут

Камила Сағынтқанның «Что ты наделала, Зарина?» қысқаметражды фильмі жасөспірім қыздың жеке драмасы арқылы қоғамдағы үнсіздік пен кінәні жәбірленушінің өзіне жүктейтін моральдық механизмдерді ашады. Он бес жастағы Зарина күтпеген жүктіліктен құтылудың жолын іздейді. Бірақ бұл әрекет мәселені шешудің орнына оны жаңа қауіптер мен ауыр шешімдерге жетелейтін тұйық жағдайларға әкеледі. Фильм бір ғана жасөспірімнің тағдырын емес, жас қыздардың осал күйін қалыптастыратын әлеуметтік орта мен қысымды көрсетеді. Картина құрылымы сақиналы (циклдік) драматургияға негізделген. Заринаның оқиғасымен қатар оның құрбысы Каринаның желісі дамиды: ол Зариның ағасымен романтикалық қатынас орната бастауда. Осы параллель сюжет фильмдегі негізгі моральдық қайшылықты айқын көрсетеді. Қарындасының «намысын қорғаған» ағасы басқа бір жасөспірім қызбен жақындасу арқылы дәл сол жүйені қайта өндіреді. Фильм жеке трагедияны кеңірек әлеуметтік контекске шығарып, жауапкершіліктің кімге жүктелетіні туралы сұрақ қояды.

Режиссер фильмді гиперреалистік интонацияда құрады. Камера кейіпкерлердің эмоциялық күйін жасырмай көрсететін ірі пландарды жиі пайдаланады, ал жүктілікті үзуге байланысты эпизодтар көрерменге әдейі жайсыз әсер қалдыратындай нақты берілген. Актерлік ойынның жоғары эмоционалдық қарқыны мен оқиға динамикасы бірігіп, фильмнің психологиялық қысымын күшейтеді. Көркемдік жүйеде бірнеше символдық мотив қайталанып отырады. Аспанда қалықтаған құстар еркіндік пен қашып құтылу мүмкіндігін еске салғандай. Дегенмен кейіпкер үшін бұл еркіндік қол жетпейтіндей көрінеді. Кадрдың артқы жоспарында жиі кездесетін ақ қар тазалық пен кінәсіздіктің дәстүрлі белгісін білдіреді. Сол ақ кеңістіктің ортасында тұрған Заринаның ашық көк түсті киімі де пәктіктің визуалдық белгісін күшейтеді. Алайда қарға тамған қан дағы бұл метафораны бұзып, кейіпкердің өзін «ластандым» деп қабылдайтын ішкі күйін бейнелейді.

Фильм атауы да маңызды интерпретациялық кілт береді. «Что ты наделала, Зарина?» деген сұрақ агрессорға емес, жәбірленушінің өзіне бағытталған. Осылайша жауапкершілік тағы да қыздың өзіне аударылады, кейіпкердің өзі де дәл сол логикамен ойлайды. Камила Сағынтқанның фильмі осы ішкілендірілген кінә сезімін әшкерелеп, қоғамдағы моральдық айыптау механизмдерінің қалай жұмыс істейтінін көрсетеді.

Форум бағдарламасына енген бұл қысқаметражды жұмыстар қазіргі жас авторлар үшін әлеуметтік және мәдени рефлексия кеңістігіне айналып отырғанын көрсетеді. Олардың әрқайсысы өз тақырыбына әртүрлі тәсілмен келгенімен, барлығын біріктіретін ортақ белгі - шынайылыққа ұмтылыс пен жаңа көркемдік тіл іздеуі. Мұндай фильмдер жас кинематографистердің кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезеңі және сонымен қатар Орталық Азиядағы заманауи киноның қандай бағытта дамып келе жатқанын аңғартатын көрсеткіш іспетті.

Ғайша Аманжол

Киносыншы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Тимур Жақсылықов

Сценарист