È

«Таңдау»: жеңіс пен мүмкіндік арасындағы шекара

«Таңдау»: жеңіс пен мүмкіндік арасындағы шекара

XI Baiqonyr Film Festival 19-25 қыркүйек аралығында өткен болатын. Бағдарламаға қысқаметражды және толықметражды фильмдер енді. Солардың ішінде Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Ресей және Қазақстан режиссерлерінің 4 толықметражды туындысы ерекше көзге түсті. Әр елдің режиссерлері бір экранда тоғысып, әрқайсысы өз әлемін ұсынды. Бірінде жасөспірімнің еркіндікке ұмтылысы алдыңғы орынға шықса, енді бірінде адамның өз орнын іздеуі, жалғыздығы мен таңдауы сөз болады. Сондықтан бұл фильмдерді тек «дебюттік жұмыстар» деп қарау аздық етеді - олардың әрқайсысы автордың киноға деген жеке көзқарасын байқатады.


Биылғы төрт толықметраждың арасында жанрлық ұқсастықтан гөрі, кейіпкерге жақын болу тәсілі басым. Үлкен әлеуметтік мәселелерді тікелей алға шығармай, режиссерлер оларды адамның күнделікті өмірі, қарым-қатынасы, арманы мен ішкі қайшылығы арқылы көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, фестиваль бағдарламасы қазіргі жас кинематографистердің нені ойлап, нені экранға шығаруға тырысатынын аңғаруға мүмкіндік береді.

«Мерген», «Winter Light», «Фейерверки днем» және «Таңдау» (Победителей видно на старте) - бір-біріне ұқсамайтын төрт фильм. Бірақ олардың ортақ бір нүктесі бар: басты кейіпкерлердің бәрі белгілі бір шекараның алдында тұр. Бірі өмірін өзгертуге, бірі қалыптасқан жағдайдан шығуға, енді бірі өзіне тиесілі орынды сақтап қалуға тырысады. Сонымен қатар толықметрлі фильмдер байқауында «Таңдау» фильмі «Үздік фильм» номинациясына ие болған болатын.

Жанат Алшанованың 2025 жылы жарық көрген «Таңдау» фильмі – қазіргі қоғамдағы бастапқы мүмкіндіктер және «табысты адам» ұғымының шарттылығы туралы терең философиялық ой қозғайтын туынды. Фильм атауының өзі көрерменді бірден ойлануға мәжбүр етеді: шынымен де жеңімпаздар өмір жолының басында-ақ анықтала ма, әлде бұл – қоғам өзі жасап алған иллюзия ма? Режиссер бұл сұраққа тікелей жауап бермей, әртүрлі тағдырлар арқылы мәселені көпқырлы етіп көрсетеді.

Фильмнің негізгі идеясы – адам жетістігі тек жеке еңбектің нәтижесі емес, ол көбіне старттық позицияға, яғни отбасылық ортаға, әлеуметтік жағдайға, білімге қолжетімділікке және қоғамдағы бейресми ережелерге тәуелді екендігін ашу. Алшанова кең таралған «бәрі өз қолыңда» деген мотивациялық дискурсты сынға алып, бұл ұранның көп жағдайда шындықты бүркемелейтінін көрсетеді. Фильмде жеңіске жеткендер де, жеңілгендер де бар, алайда олардың тағдыры жеке мінезге емес, жүйелік факторларға көбірек байланысты болып шығады. Бір қарағанда бірдей старт сызығында тұрғандай көрінген адамдардың тағдыры қоғамдағы жасырын ережелер мен теңсіздікке байланысты әр бағытта өрбиді.

Кейіпкерлер бейнесі фильмнің басты күшті тұстарының бірі. Олар шартты түрде «жақсы» немесе «жаман» деп бөлінбейді, керісінше, әрқайсысы белгілі бір әлеуметтік ортаның жемісі ретінде суреттеледі. Бір кейіпкер өмірге дайын мүмкіндіктермен келсе де, ішкі қанағатсыздық пен мағынасыздықты сезінеді. Екінші кейіпкерде қабілет пен ынта жеткілікті болғанымен, сыртқы шектеулер оның жолын үнемі бөгеп отырады. Үшінші кейіпкер жүйеге бейімделіп, табысқа жеткенімен, өз ар-ұжданымен ымыраға келуге мәжбүр болады. Осылайша режиссер жеке адамдарды кінәлаудан гөрі, оларды қалыптастырған ортаны алдыңғы қатарға шығарады.

Фильмнің режиссерлік стилі ұстамды әрі салқынқанды. Камера баяу бір қалыпты қозғалу арқылы кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін айқын жеткізеді. Ұзақ пландар мен тыныш кадрлар өмірдің бірқалыпты, кейде әділетсіз ағысын сезіндіреді. Музыканың аз қолданылу тәсілі де көрерменді оқиғаны өз бетінше бағалауға мүмкіндік береді. Визуалдық шешімдер фильмді деректі киноға жақындатып, ондағы жағдайлардың шынайылығын арттыра түседі.

Фильмнің философиялық салмағы оның финалында ерекше сезіледі. Мұнда нақты қорытынды немесе үмітке толы шешім ұсынылмайды. Бұл – саналы түрде таңдалған позиция. Алшанова көрерменді жұбатпайды, керісінше мазасыз күйде қалдырады. Өйткені қойылған сұрақтар жеңіл жауапты көтермейді.

Қорытындылай келе, «Таңдау» – әлеуметтік әділет, адам тағдыры және қоғам жауапкершілігі туралы ойландыратын маңызды фильм. Оның құндылығы айқайлы мәлімдемелерінде және терең әсерінде. Бұл туынды көрерменді өз жетістіктері мен сәтсіздіктеріне ғана емес, соларды қалыптастырған жүйеге де сын көзбен қарауға шақырады

Төлеуханова Ділнәз

Киносыншы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер

Линда Нығматулина

Актриса

Геннадий Балаев

Актер