È

ВГИК-тегі халықаралық конференция: Жастар үні мен ой-санасының трибунасы

ВГИК-тегі халықаралық конференция: Жастар үні мен ой-санасының трибунасы

30 қыркүйекте Мәскеудегі Бүкілресейлік кинематография институты қабырғасында өткен «Жаңа медиа мен креативті индустрияларды дамыту контекстіндегі ТМД елдерінің жастар киносы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы экран өнері төңірегінде жүрген жас мамандардың ой-санасын айқындап, олардың өзіндік үнін қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.


«Кинобілім беру: ТМД қатысушы мемлекеттерінің бірлескен білім беру жобалары» аясында ұйымдастырылған бұл форум жас зерттеушілердің, режиссерлердің, сценаристер мен кинотанушылардың еркін аналитикалық ойлауына жол ашты. Конференция жинағында көрініс тапқан зерттеулер заманауи кино өнерінің ең түйткілді тұстарын ортаға салды. Бағдарлама мен мақалалар мазмұнын талдай келе, ТМД елдері жастарының ой-санасындағы негізгі бағыттарды сараптауға болады:

Ұлттық код және менталитет (Қазақстан, Өзбекстан)

Қазақстандық жастардың зерттеулерінде заманауи қазақ киносындағы ұлттық қаһарман бейнесі (С. С. Орынбасарова), жаһандану дәуіріндегі дәстүр мен мәдени естелік (К. М. Нұрбаева), жанрлар гибридизациясы мен әлеуметтік манифест (Т. Е. Берген) сияқты күрделі тақырыптар қозғалды. Сонымен қатар авторлық кинодағы кино тілінің аскезасы (К. Е. Бекешев) мен бала көзқарасының поэтикасы (А. Б. Узиятов) талданды. Ал өзбекстандық әріптестер (У. М. Мирсолихова, Ш. Ф. Исматов) ұлттық кино тарихы мен Орталық Азия аудиториясының комедиялық контентті қабылдау ерекшеліктеріне терең үңілді. Бұл ізденістер жастардың заманауи формаларды меңгере отырып, өз мәдени тамырына терең бойлауға деген ұмтылысын білдіреді.

Форма, драматургия және цифрлық ізденістер (Ресей, Армения)

Ресейлік және өзге өңірлерден келген жас мамандар авторлық және бұқаралық кино арасындағы заманауи драматургияға (В. А. Дроздова), қысқаметражды кинодағы бейнелі пластикаға (С. Э. Гюлумян), студенттік жұмыстардағы жанрлық шектеулерге (Д. Р. Кравец-Лопатин, А. Ю. Ступнёва) басымдық берді. Сонымен қатар нейроарт (В. Д. Чернецов), мультимедиа (М. С. Горбунов), цифрлық дыбыс контексті (А. Р. Терещенко) сияқты жаңа технологиялардың жас режиссер мен оператордың ойлау жүйесін қалай өзгертіп жатқаны сарапталды.

Ғылыми сессиялардан бөлек, киноағарту әдістемелерін апробациялау аясында Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан және Ресей студенттерінің егжей-тегжейлі тоғыз фильмі көрсетіліп, артынан ашық талқылау өтті. Залдағы аудитория мен авторлар арасындағы сұрақ-жауап арқылы жұмыстардың қалай жазылғаны, қандай идеялардан бас тартылып, нендей көркемдік тәсілдер сақталғаны талқыланды. Бұл сәт жай көрсетілімнен шығып, аудитория мен жас авторлардың ой-санасын біріктірген эмоционалды және танымдық тәжірибеге айналды.

Қорытынды

Аталмыш конференция жас медиа мамандары мен кинотанушылардың кәсіби танымын айқындап, аналитикалық ой-санасын шыңдаған маңызды белес болды. Жиын әртүрлі зерттеулердегі жастардың дербес үнін біріктіріп, оларды кино индустриясының келешегін айқындайтын белсенді буын ретінде көрсетті. Аға буынмен тең дәрежеде пікір таластырып, өз идеяларын қорғау арқылы жастар заманауи экран өнерінің болашақ бағытын айқындауға дайын екендігін дәлелдеді. Конференция қорытындысы бойынша жарық көрген ғылыми мақалалар жинағы – осы жас авторлардың дауысын кең аудиторияға жеткізеді. Бұл еңбектер ТМД елдерінің кинотану және медиа саласындағы ортақ диалогын одан әрі тереңдете түспек.

Берген Таңсамал,

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Кинотану» мамандығының 2 курс студенті

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Төлепберген Байсақалов

Актер

Іңкәр Әбдіраш

Актриса