È

Данияр Саламат: «Мен идея кумаймын. Мені жетелейтін нәрсе – тағдыр»

Данияр Саламат:  «Мен идея кумаймын. Мені жетелейтін нәрсе – тағдыр»

Қазақ киноәлеміне өзіндік қолтаңбасымен келген жас кинорежиссер, драматург Данияр Саламат өз таңдауына жету үшін біліммен қатар, көп ізденістер мен еңбектенудің қажет болғанын жасырмайды. Оның әңгімесінен алға қойған мақсатқа қиындықтан қашпай, сәттілікті күтпей - ақ еріктің күшімен жете алатынына көз жеткіземіз.


- Сіз өзіңізді ең әуелі драматург ретінде сезінесіз ба, әлде режиссермін деп есептейсіз бе?

- Менің әу бастағы арманым режиссура болатын. 1998 жылы кино факультеті ашылды. Өкінішке қарай, кинорежиссура мамандығына қабылдау орыс тілінде жүрді. Ермек Шынарбаевтың, Ардақ Әмірқұловтың курсына орыс тілді қыз – жігіттер қабылданып жатты. Ұлттық кадрлар дайындаудағы осындай кемшіліктер арманыма жетер жолды алыстатып жібергендей болды. Содан кейін, амал жоқ, драматургия бөліміне оқуға түстім. Сценарий түзіп, әңгіме жазып, соларды қалай сахналауды және экранға шығаруды ойластыра жүрдім. Кинодраматургиядан танымал қаламгер Әкім Тарази сабақ берді, режиссурадан Сатыбалды Нарымбетов ұстаздық етті. Тұңғышбай Жаманқұлов М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының басшысы болып тұрған кезде драматургия лабораториясы жұмыс істейтін. Сонда драматургтер жиналып, сұхбаттасатынбыз, пікір алмасатынбыз. Соның бәрі осы жанрға деген құмарлығымды ұштай түсті. Ең бірінші пьесам 1999 жылы «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» деген атпен сахналанды. Қоюшысы - Н. Жақыпбай. Одан бері жеті пьеса жаздым. «Қайдасын Фигаро?» деген пьесам Әуезов театрында өз кезегін күтіп жатыр.

- Одан кейін режиссерлікті таңдауыңыздың сабебі неде? Өзге режиссерлерге көңіліңіз толмай ма, әлде өз туындыңызды өзіңіз экрандағанды қалайсыз ба?

- 1996 жылы «Сорос» қоры қысқаметражды кино түсіруге байқау жарияланғанда, грантын ұтып алып, «Ажалын қуған адам» қысқаметражды фильмін түсірдім. Диплом алған соң кино түсіруге мүмкіндік болмады. Алмағайып заман туды. Тіршіліктің соңынан кеттік. Толықметражды фильм жасаудың сәті 2005 жылы бір – ақ түсті. Серік Апрымовтың: «Адам қанша ыңғайы келмеді, сәті түспеді дегенімен, толғағы шыдатпаған кезде түсіру керек», - деген сөзі бар. Мен де сол кезде дәл сондай күй кештім. Тырмысып жүріп фильм түсіруге мүмкіндік алдым. Соның өзінде менің қолымда жалғыз камера мен екі жарық түсіруші құрал ғана болды.

Тұңғыш фильмім - «Жөшәні» бас - аяғы сегіз күннің ішінде түсіріп біттік. Бір аптаның ішінде монтаждап, бір жаздың ішінде фильм дайын болды. Көп ұзамай ұстазым Сатыбалды Нарымбетов фильмді «Шәкен жұлдыздары» кинофестиваліне ұсынуға кеңес берді. Оның іріктеуден өтуі де қызық болыпты. Біздің ұлттық киноөнерінің ұлтымыздан сырт айналып жүргенінің бір көрінісі – комиссия мүшесілері қазақ тілінде түсірілген жалғыз фильмді тым болмаса қарап шығуды қаламай, жылы жауып қоя салмақшы екен. Абырой болғанда, сол комиссияның мүшесі, кинотанушы Гүлжан Наурызбекова келіп қалып, фильм мағынасын аударып, түсіндіріп, содан соң конкурсқа қосуға рұқсат алыпты. Ақырында «Жөшә» «Ең үздік толықметражды көркем фильм» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді.

«Жөшә» фильмінен көрініс.
«Жөшә» фильмінен көрініс.

Осы фильмнен соң бағым ашылғандай болды. Одан кейін жастардың Өзбекстанда өткен «Творческий полет» атты конкурсында «Ең үздік режиссерлік дебют» деген жүлде алдым. Францияның Нант қаласындағы «Үш континент» фестиваліне қатысып келдім. Содан, міне, 2005 жылы «Қазақфильмге» жол түсті. «Әкем екеуміз» атты жаңа сценарийім өндіріске қабылданып, жоспарға енді. Былтыр осы фильмді бастап, бір ай ішінде түсіріп болдық. Енді оны монтаждау, дыбыстау процесі жүріп жатыр.

- Жалпы сценарийге идеяны қайдан іздейсіз? Өзіңізден бе, айналаңыздан ба, әлде...

- Мен идея қумаймын. Тіпті журналистер өзім түсірген фильмнің идеясын сұрағанда іркіліп қаламын. Мені жетелейтін нәрсе - тағдыр. «Сендер осы ауылдан неге шықпайсыңдар, неге заманауи өмірді көрсетпейсіңдер?» деп өкпелейтіндер бар. Бірақ мен өзімнің басымнан өткізген, елеп – екшеген дүниемді ғана шығаруға құқылымын. Белгілі мөлшерде ойымнан қосылған қиял болуы мүмкін, бірақ оның өзі де жан - дүниемнің сүзгісінен өтуі тиіс. Айталық, «Жөшә» фильміндегі басты кейіпкер - бала кезімнен жанымда жүрген, өзім тағдырлас болған кейіпкер. Мен өзім түйсінген нәрсені экранға бердім. Көркем бейненің шынайылығы да оның нақты өмірдегі орнына байланысты.

- Екінші фильміңіз де ауыл тіршілігі туралы ма?

- Жоқ, «Әкем екеуміз» - қала тірлігі, заманауи өмір жайындағы картина. Бірақ мұнда да сән – салтанаты келіскен тамаша өмір жоқ. Өйткені, мен де – ұлтымның бір мүшесімін. Ал қазақы тірлік кешкен адамның басында қашанда қиындық жүреді. Қазақ ұлты Алматыға келіп, асфальт демін сезініп, қаланың жат бауыр тірлігіне араласқан кезде өзінің бұрынғы табиғатынан ажырай бастады. Тілімізден айырылу қауіпі төнді. Осының бәрі – менің жаныма бататын дүние. «Әкем екеуміздегі» кейіпкерлер - қазақы рухы, тәні жаны болғанымен, осындай үлкен мегаполистің бір бұрышында тығылып, изоляцияда қалған адамдар. Сыртта алапат жаһандану қайнап жатса да, кішкентай ғана бөлмеде әке мен бала қазақы тірлік кешеді.

«Әкем екеуміз» фильмінен көрініс.

- Кейінгі кезде бізде кино түсірушілер көбейіп келеді. «Қазақфильмде» де қозғалыс бар сияқты. Бұл бәсекелестіктің басталғанын білдіреді ме?

- Авторлық фильмдер мен жанрлық бағыттағы коммерциялық фильмдер арасында бәсекелестік болуы мүмкін емес. Бәсекелестік коммерциялық фильмдердің өз арасында деп ойлаймын. Жанрлық фильмдердің арт-фильмдерді бәсекеге шақырған кезі болды. Соның бірі- «Жаралы сезім». Осы фильмнің авторы «Қазақфильмге» және авторлық фильм түсіріп жүрген режиссерларге өкпесін айтты: «Ешкім көрмейтін, ешкім ләззат алмайтын фильмнің не қажеттілігі бар? Міне, нағыз фильм біздікі, қанша адам шулап көріп жатыр!». Меніңше, бұл – өте жаңсақ пікір. Авторлық фильмдер мен жанрлық фильмдердің қатар өмір сүруге құқығы бар. «Жаралы сезімдей» фильмдер шықса, шыға берсін, ол көпшілік қауымға арналған. Ал фестивальдер болмаса, талғамы жоғары белгілі бір элита болмаса, авторлық фильмдер баяғыда өлер еді. Ешкі бейшара айтады екен ғой: «Сойса да қасапшы сойсын!» - деп. Яғни, қандай бағыттағы фильм болса да, оны маман түсіруі керек.

- Жаныңызға, негізі, қандай жанр жақын?

- Менде юмор көп секілді. Қай жанрға қалам сілтесем де, ішіне юмор араласып кетеді. Сол себепті комедияға жақындау боп көрінем. Рас, кинотуындыларым комедиялық жанрларда емес. Дегенмен оларда да юморлық элементтер кездеседі.

- Қазақтың «Ералашы» - «Қалаймақанның» тууына да сол қалжың құмарлығыңыз әсер еткен шығар?

- Иә, әзілді жаным сүйетіндіктен, сықақ бағытындағы бағдарламаларды көбірек жасадым. Тұрмыс тауқыметімен киноға біржола кете алмай, көбірек теледидарда жұмыс істегенде, юморлық бағдарламалар жасап жүрдім. Мысалы, НТК арнасында біраз уақыт «Жөке» жүрді, «Алатау» арнасында «Әзілстан» бағдарламасын жасадым. Балаларға арналған «Қалаймақан» әзіл – сықақ журналына мен осылай келдім. Бұлар менің режиссерлік қабілетімді жетілдіруге көп септігін тигізді.

- Бүгінгі қазақ киносы қандай болуы керек деп ойлайсыз?

- Қазір қазақты ойландыратын бір ғана мәселе - ұлттық құндылық. Біз ұлт ретінде бет - бейнемізді жоғалтып алудың алдында тұрғанымызды мойындауымыз керек. Көшедегі жастардың көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Сондықтан олар ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіруге тырыспайды. Кітап оқуды қойдық. Өкінішке қарай, қазір жастар талай ғасырдан бері келе жатқан кітаптардан көрі визуалды өнерге құмар. Ал мұндайда оларға ұсына қояр ұлттық нәр беретін фильмдер қоры жасақталмаған. Қарапайым халыққа арналған жанрлық фильмдер жоқтың қасы. Ұлттық бағыттағы картиналар жарық көріп жатыр, бірақ оның арқауы босаң, құнары жоқ.

- Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Театр режиссурасына тәуекел етсем деген мақсатым бар. «Қайдасың, Фигаро?» атты пьесамды өзім сахналауға талпыныс жасасам деймін. Адамның бойында кино бір сәтте, бір уақытта, қысқа туа қоймайды ғой. Жылдар бойы санаңда жатып, туар сәтін күтіп дами береді. Мысалы, «Жөшәмен» ауырап жүргенімде, оған «Әкем екеуміздің» идеясы жабысты да, қиялымда қатар сомдалып жатты. Қазір үшінші фильмнің сұлбасы даму процесінде. Оның ішімде толғағын күтіп жатқанына көп болды. Тіпті биылғы жылдан бастап кірісіп кеткім келеді. Бірақ материалдық, басқа да мүмкіншіліктер кезек күтуге мәжбүрлейді...

Сұхбаттасқан Ержан Жұмабеков

Жас Қазақ №3(159) 25 қаңтар 2008 жыл

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Казахстанское кино

31 желтоқсан, 2019

Алматыда ұлттық «Құлагер-2019» киножүлдесі табысталды

«Құлагер»  ұлттық кинематографиялық жүлдесі 2007 жылдан бастап өткізіледі

Brod.kaz

Казахстанское кино

23 желтоқсан, 2019

Даңқты спортшы – Жақсылық Үшкемпіров туралы көркем фильмнің тұсаукесері өтті

Кинотуындының қоюшы режиссері әрісценарий авторы – Бақыт Қайырбеков

Brod.kaz

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер