È

«Операторлық өнер» мамандығы студенттерінің фильмдеріне пікір

«Операторлық өнер» мамандығы студенттерінің фильмдеріне пікір

Биыл «Тұран» университетінің «операторлық өнер» мамандығы бойынша оқу бітіріп жатқан студенттердің фильмдеріне пікір білдіруші ретінде шақырылдым. Әдетте бір бөлім студенттерінің фильмдерінде бір-біріне ұсқас бейнелеу әдістері, ортақ көзқарастар болушы еді.Таң қалдырған жағдай, студенттердің фильмдеріндегі тақырыптық және жанрлық құрылымы жан-жақты. Режиссер мамандығы бойынша бітірушілердің фильмдерінің деңгейі өзге мәселе. Алайда, режиссерлық жұмысты қоса алған операторлардың фильмдері олардан кем емес.

 

Виктория Пузееваның «Тұзақ» фильмі

Қысқаметрлі фильм идеясы жас жігіттің басындағы дертті көрсету арқылы қазіргі замандағы әлемдік ең үлкен мәселе – суицид жайлы қозғайды.

Күйзелістің түрі, белгілері ұқсас болса да, оның тұзағынан шығу формалары түрлі екенін білеміз. Режиссер сол форманың мазмұндық жағынан ерекше түрін таңдап, оны бейнелеудің батыл жолын таңдаған. Сюжет атмосферасын аша түсу мақсатында түрлі тәсілдерге барады, мәселен монтаж, дыбыс, актер ойыны, костюмдер арқылы фильмге қанық бояу беріп, ойды тереңдете түсуге тырысады. Драматургиялық заңдылықтар да сақталып, кейіпкердің болмысы мен сезімін түс, еске алу секілді эпизодтармен толықтырған. Яғни, сюжеттік желісінің күрделілі мен моральдық негіздемесінің айқын екенін ескере отырып, толыққанды фильм ретінде түсірген.

 

Юлия Самойлованың «Биіктік» фильмі

Қазіргі заманда жас адамның өзін қалыптастыруға көп күш пен уақыт кетеді. Әсіресе алдына мақсат қойып, арманға жету жолында көп кедергілерден өту оңайға соқпайды.

«Биіктік» деректі фильмінде жас кейіпкердің ес білген бала кезінен бастап, осы күнге дейінгі өз мінезін спорт арқылы шыңдаған бейнені байқаймыз. Бұл тұрмысында еш ерекшелігі жоқ әдеттегідей жасөспірім болып көрінгенімен оның жылы естеліктер мен өзіндік өмір соқпағын қызыға тамашалауға болады. Кейіпкердің сүйсіне айтқан әңгімесінен көңілді, жүрекжарды шынайы кейпін көрермендер өзіне жұқтыра алады. Режиссер кейіпкер балалығының бақытты сәттерінің бейнесімен бірге үйлесімді көрсете алған. Фильмнің алғашқы кадраларынан кім туралы екенін нақты білмей жатып-ақ, кейіпкер өзіміз секілді замандасымыз екенін сеземіз. Және бұл оның өзі жасаған өмір жолының бастамасы. Ары қарай кейіпкер өзі жетелеп кете береді.

Режиссер мен кейіпкер арасындағы ең басты үйлесімділікті сұхбат алу ерекшелігінен көреміз. Кейіпкер жалғыз, бірақ оның өмірінде болып жатқан өзгерістер мен қадамдары образынтолық ашады, оның риясыз көңілі фильмді бастан аяқ қамтиды. Ал операторлық жұмыс, яғни ірі және орташа пландардан кейіпкердің ішкі толқынысын, эмоциясына үңіле түсеміз. Бейне қатарындағы үздіксіз қимыл-қозғалыстар монтаж арқылы кейіпкердің болмысына одан сайын қанық бояу береді. Әлбетте, фильмде драмалық қақтығыстар, кейіпкердің ішкі қайшылықтары жоқ, жас жігіттің жолы болғыш секілді көрінеді. Бірақ кейіпкерден әрбір жасаған қадамын саналы, ойланып, дайындықпен басады. Ал, спорт әлсіздікті кешірмейді, сондықтан спорттың ерекше және қауіпті түрін таңдау арқылы ол әр сәт сайын ішкі және сыртқы қуатын шыңдап, биікке ұмтыла түседі.

Режиссердің таңдаған тақырыбы актуальды және өз замандастары арасында мақтанарлықтай үлгі тұтатын образ. Фильм қысқа болса да тиянақты, әрі түсінікті, көрерменнің көңіліне жылы әсер қалдыра алады.

Алеся Каракулованың «Мен саған сенемін» фильмі

Қысқаметрлі фильм қызықты сюжетке құрылған, жұп арасындағы сезімнің сынағы бейнеленген. Ал сюжет драматургиялық заңды құрылымды сақтай отырып, шиеленіске жетелейді. Кейіпкерлердің бейнелері эпизод сайын ашылып, олардың мінездік желілері айқындала түседі. Яғни, бас кейіпкер фильмнің басынан аяғына дейін өз «менін» ұмытып, ғашығы мен досының арасында әуре-сарсаңға түседі. Оның жұмсақ, ақкөңіл мінезі қателік жасауға итермелейді. Режиссер осындай сценарлық тәсілді ұтымды пайдаланған.

Фильмде ең бірінші детальдан басталады. Деталь таңдай білу және оны фильм ішінде ойната білу шеберліктің белгісі. Мәселен, темекі, хат, кран секілді детальдар кейіпкерлермен қатар өзіндік рөлі бар және маңызды шешімде бұлар да атсалысады.

Фильмнің түсірілу локациясы қарапайым болса да, пәтер ішіндегі оқиға тез, қызықты дамиды. Мизансценаның, план, жарықтың үйлесімді қойылуы бөлме ішіндегі тар кеңістікті жойып жіберіп, назарды сюжетке аудартады. Кейіпкерлер арасындағы диалог олардың мінез, ой, мақсаттарын айқын көрсетіп беріп, олардың арасындағы қайшылық, түсініспеушілікті көрсетеді және актерлардың өз образдарына жетік берілгенін көреміз.

Фильмде эпизодтан эпизодқа өту динамикасы қалыпты, яғни фильм ішіндегі кадрлар, монтаж, сюжет тепе-теңдігін сақтай білу режиссер үшін үлкен жетістік.

 

Вадим Парамоновтың «Оралу» фильмі

Режиссер ерекше, әрі күрделі жанрды таңдаған. Тақырыптың күрделілігі алғашқы кадрлардан-ақ көрінеді. Біз өмір сүретін әдеттегі ортадан өзге кеңістік, басқа уақыт – белгісіз жағдайдағы әскери кейіпкер. Ары қарай голливудтық фильмдердегі ақырзаман, зомби, өліктер, қару, қан секілді түсініктермен өрби түседі.

Режиссердың мақсаты да дәл осындай аласапыран жасау арқылы соғыстың бір бейнесін ашып көрсету. Бұл жерде адасқан жалғыз кейіпкер бар, ол айналасындағы болып жатқан жағдайдан бейхабар болса да, әрбір басқан қадамы қауіпті екенін, жан сақтау үшін күресу керек екенін түсінеді.

Фильм өте динамикалық, шиеленіс пен саспенс жағдайын шебер ұстайды және өзінің шынайылығына сендіреді.

Фильм кіріспесі баяу әрі түсініксіз болып көрінгенмен, шарықтау шегінде күрт өзгеріс алып, соңына дейін бір демдік қарқынмен ұстайды. Камера өте жылдам қозғалады және ол кейіпкердің жанынан алыстамайды, яғни камера мен кейіпкер бір бірімен астасып кеткендей. Түсірілім локациялары өте бай, әрі ерекше, жиі ауысады. Монтаж динамикасы да жоғары, сол арқылы кейіпкердің жұмбақ образындағы қобалжуды одан сайын тереңдете түседі.

Режиссердың батыл идеясының көрінісі бүкіл фильм характерінен байқалады. Және идеяны ашу үшін барынша күш салғаны байқалады. Актерлық құрам, массовка, локация, костюм, грим бәрі ұтымды пайдаланылып, үйлесімді жасалынған.

 

Ержан Жұмабеков

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Төлепберген Байсақалов

Актер

Іңкәр Әбдіраш

Актриса