Танымай қалған ана, жоғалған өмір

2026 жыл қазақ көрермендері үшін ерекше бастау алды. Жыл басында қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын бірнеше фильм жарық көріп, олардың бірқатары ана мен бала арасындағы қарым-қатынас тақырыбына арналды. Дегенмен, бұл туындылар көрерменге қаншалықты терең ой сала алды деген сұрақ туындайды.
Нұрғиса Әлмұрат түсірген «Құшақташы мама» фильмі 2026 жылдың киножылын әсерлі бастауымен ашып бергендей болды. Ал кейін жарық көрген туындылардың бірі – Айгиз Баймұхаметов шығармасы негізінде түсірілген «Тастамашы ана» фильмі. Бұл фильмде жас баланың тағдыры сөз болса, «Құшақташы мама» туындысында ересек адамның өмір жолы арқылы ана мен бала арасындағы байланыстың күрделі сипаты көрсетіледі. Ал өзіндік стилімен көзге түскен Азамат Сатыбалдының «Мама» фильмі екі түрлі уақыт өлшемін бір кадрлық құрылымда тоғыстыруымен ерекшеленеді. Фильм оқиғасы ана мен бала арасындағы махаббатты ауыр тағдырлы жағдай арқылы жеткізеді.
Туынды Темір есімді кейіпкердің өмірі төңірегінде өрбиді. Жиырма жылдан кейін түрмеден шыққан Темірді туған анасы танымай қалады. Адамның ең қатты сағынып күткен адамы өзін танымай қалған сәт – кейіпкердің ішкі трагедиясын тереңдете түседі. Фильмнің ортасында анасының баласын есіне түсіруі режиссердің финалдық шешімді алдын ала ишарамен көрсетуге тырысқанын аңғартатындай. Темірдің тағдырымен қатар оның бұрынғы жан досы, бүгінгі жауы Расулдың бейнесі де маңызды рөл атқарады. Расул рөлін сомдаған Асан Мәжит кейіпкердің психологиялық күйін сенімді жеткізе алған. Бір кезде ажырамас дос болған Темір мен Расулдың жолы уақыт өте келе екіге айырылады.
Фильмде 1990 жылдардағы оқиғалар арқылы олардың достығының қалай басталғаны көрсетіледі. «Аудан намысын» қорғау үшін бірге төбелесіп жүрген жасөспірімдер уақыт өте келе түрлі тағдыр соқпағына түседі. Расулдың әкесі баласының болашағын ойлап, оның көше бұзақыларына араласуын қаламайды. Алайда жағдай күрделене түсіп, ақырында Расул адам өлтіреді. Өз баласын құтқару үшін ол пара беріп, кінәсіз Темірді 20 жылға соттатқызады. Бұнымен тоқтамай, Темірдің анасына да қатыгездік көрсетеді. Оқиға барысындаа әділет орнап, жауыз әке өз жазасын алады. Ал оқиға жас баланың өлімімен аяқталады. Мұны символдық тұрғыдан Темірдің балалық шағының да сол сәтте «қаза табуымен» байланыстыра түсіндіруге болады.
Сонымен қатар фильмде көрерменнің көңілінде жауапсыз қалған сұрақтар да аз емес. Мысалы, 1990 жылдардағы флешбэктерде көрсетілген Руслан қалайша қылмыстық топтың басшысына айналды? Темірдің әкесінің тағдыры не болды және бұл кейіпкердің болмауы сюжеттік желі үшін маңызды емес пе? Руслан әкесінің қатыгездігінің себептері қандай? Темірдің түрмеде өткізген жылдары үшін кек алу мүмкіндігі неге қарастырылмаған? Шарықтау шегінде Русланның әрекетінің психологиялық негізі толық ашылмағандай әсер қалдырады.
Фильмнің ең әсерлі сәттерінің бірі – ана мен бала арасындағы диалог: «Мама мені танымайды, түсінесіз бе? Менің анам мені танымайды». «Ана жүрегі – теңіз. Ана баласын ешқашан ұмытпайды». Бұл сөздер фильмнің негізгі идеялық түйінін айқындайды. Мүмкін, анасы Темірді шынымен есіне түсірер еді. Бірақ Темір теңіздей терең бола алмады, фильмде айтылғандай, бәлкім, ол тек көл деңгейінде қалған шығар. Бүгінгі қоғамда да ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктер жиі кездеседі. Оның басты себебі – ананың да өз сезімі, өз жан дүниесі бар екенін естен шығару. Осындай немқұрайлылық салдарынан кейде ана баласын, бала анасын ұмытып кететіндей трагедиялық жағдайлар орын алып жатады.
Бекзат Бердібайұлы
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 1 курс студенті
Оцените рецензию






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін