È

«Ральф ғаламторға қарсы»: Сен үшін досым...

«Ральф ғаламторға қарсы» фильмі туралы пікір

Бүгінгі таңда заманауи балалардың қолдарынан ұялы телефон, планшет түспейтін болды. Көретіндері шетелдің мульфильмдері, одан қалса, қызыққа толы түрлі ойындар елітіп әкетеді. Иә, ғаламтордың құдіреті шексіз ғой. Сол шексіздікке бүгінгі кейіпкерлеріміздің көзімен қарап көрелік.

Әйгілі Disney студиясының кейіпкерлері қазақша сөйледі. 22 қараша күні «Болашақ» Корпоративтік қорының қолдауымен «Ральф ғаламторға қарсы» атты қазақ тіліне дубляждалған 26-шы фильм жарыққа шықты.

2012 жылы көптің көңілінен шығып, өз көрермендеріне ие болған алып Ральф 6 жылдан кейін қайта оралды! Сиквелде ебедейсіз Ральф жарысты жаны сүйетін сүйікті досы Ванилопа фон Шекермен бірге ғаламтордың шексіз кеңістігіне саяхат жасайды. Кейіпкерлер қалыпты ойынға жаңашылдық енгіземіз деп жүріп, аяқ астынан ойын автоматы рөлінің бұзылуына сеп болады. Рөлсіз ойын басқарусыз қалады ғой, демек Ванилопа сүйікті жарысынан да айырылмақ. Сондықтан, көңілдері құлазыған екі дос қиындықтың шешімін іздеуге кіріседі де, ақыр соңында жаңа рөлді сатып алуға бекінеді. Кейіпкерлер жолда түрлі ғажайыптар мен күрделі мәселелерге тап болады.

Фильмнің басты ұраны: «Мақсатқа жету үшін барлығына қарсы тұруға болады». Яғни, Ральф пен Ванилопа ойындарын сақтап қалу үшін кез-келген жолмен ойын автоматының рөлін қалай да иеленуге тырысады. Түрлі кедергілерге тап болса да, жаңа жол іздеп, ақыры мақсаттарына жетеді.

«Ральф ғаламторға қарсы» мультфильмінің негізгі ойы – достық жайлы. Картина достықтың қадірін түсінуге жетелейді. Досқа мұңыңды шағып, сыр айта білудің өзі кейде оңай емес. Көңіліне қарайсың, ренжіп қалмауын қадағалайсың. Осының барлығы Ванилопаның әрекетінен көрініс табады. Жалпы, жаныңда жүрген досыңды өз меншігің санамай, оның да армандарына құлақ асып, мақсаттарын жүзеге асыруына мүмкіндік беру қажет. Ральф Ванилопаның қалауын жасайды. Ойыны қызық болмай қалған кезде, бағытты басқа арнаға бұрып, көңілін аулауға тырысады. Бірақ, бір кемшілігі, ол Ванилопадан бір елі ажырағысы келмейді. Өзі болмаса, досы күнін көре алмай, адасып, қор болатын сияқты болады да тұрады. Дегенмен, достардың бір-біріне сенім артуы маңызды емес пе?!

Анимациялық фильмде ғаламтордағы түрлі вирустар, әр торды ашқан сайын алдыңнан лып етіп шыға келетін және оңай жолмен ақша табуды ұсынатын жарнамалар да анық көрсетілген.

Сонымен қатар, мультфильмде қозғалған негізгі мәселенің бірі - ғаламтордан жағымды әрі жағымсыз пікірлерді қатар кездестіруге болатыны жақсы сипатталған. Өмірде әр түрлі адамдар болады. Бірі сені мақтап, шынайы жақсы көріп, тілекшің бола білсе, енді бірі тырнақ астынан кір іздеп, көңіліңді түсіруге тырысып бағады. Ең бастысы, картинаның айтар ойы жаман пікірлерді оқыған кезде, көңіліңді түсірмей, оларға мән бермеу қажет дегенге саяды. Себебі, «жақсы сөз жан семіртеді», ал жаман пікір сағыңды сындырады. Ральф осындай жағдайға тап болғанда, барлығына қолын бір сілтеп, жеңілгенін мойындауға шақ қалды. Дегенмен, осы сәтте жанына жақын жан табылып, қуанышты хабармен көңілін бір серпілтіп тастады.

Картинада қызықты сәттер өте көп. Нағыз қазақы аудиторияға арналған тамаша дубляж. Өзіміз де осы Disney студиясының тамаша мультфильмдері арқылы өстік қой. Сондықтан, заманға лайықталып, сүйікті кейіпкерлерді қазақ тілінде сөйлету – өскелең ұрпақтың ана тіліне деген құрметін арттыратыны сөзсіз.

Дубляждағы қызықтарға тоқтала кетсек: кейіпкерлер атышулы «Ebay» сайтынан тауар сатып алуға барғанда, оны қазақшалап «Ойбай» дейді. Мұнысы әрине, еріксіз езуіңді шақырады. Бір көріністе Disney-дің сұлу ханшайымдары жарқ етіп шыға келеді. Тіпті, «Батыл жүрек» анимациялық фильмінің кейіпкері Мерида ханшайымды байқауға болады. Дубляж мамандарының айтуынша, ол түпнұсқада шотланд акцентімен ағылшын тілінде сөйлеген, ал қазақша нұсқасында оның тілі «оңтүстікке» жақын келеді. Сондай-ақ, ғаламтор беттеріндегі түрлі вирустарды қазақшалап «Спамбай» деп атауы өте ұтымды шыққан.

Жалпы, «Ральф ғаламторға қарсы» анимациялық фильмі көптеген қызықты шытырман оқиғаларға толы. Көз жауын алатын түрлі-түсті бояулар, ғаламтор кеңістігіндегі барлығымызға жақсы таныс парақшалар, әзіл мен қалжың, шынайы қоғамның көрінісі – барлығы керемет суреттелген. Бұл мультфильм тек балаларға ғана емес, сондай-ақ ересектерге де қызықты болатыны сөзсіз. Сондықтан, балаларыңыздың ғана емес, өзіңіздің де көңіліңізді көтеріп, ерекше әсерге бөленемін десеңіз, «Ральф ғаламторға қарсы» картинасына жол тартыңыз!

 

Киноға Мадина Мұратжанқызы барды

 

Мультфильмнің кестесі кинотеатрлар афишасында қол жетімді.

 

«Бродвей» редакциясы «Ральф ғаламторға қарсы» анимациялық фильмінің көрсетіліміне шақырғаны үшін Meloman Entertainment және Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрына алғыс білдіреді.

 

Оцените рецензию

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Рецензии

18 Маусым, 2018

«Суперотбасы – 2»: Бірлік болмай, тірлік болмас

«Суперотбасы – 2» мультфильмі жайлы пікір 

BrodKaz

Рецензии

10 Қазан, 2018

«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы

Коммерциялық  кино бағытында алға ілгерілеу айқын байқалады

Brod.kaz

Рецензии

6 Қазан, 2018

«Веномның» жаңа бейнесі

«Веном» фильміне пікір

Brod.kaz

Рецензии

13 Қыркүйек, 2019

«Қымбатты әке» фильміне пікір

Фильм кинотеатрда 12 қыркүйектен басталады

Brod.kz

Таныс бейне

Игорь Бабичев

Актер

Максим Митрофанов

Актер

Джон О’Нил

Актер

Талас Бойченко

Актер

Сәбит Мұстафа

Актер