Хикаялар: телехикаялардан «Тақтардың ойынына» дейін
Соңғы кездері адамдар кезекті голливудтық кино жаңалықтарға қарағанда, сүйікті хикаяларының жаңа маусымын асыға күтетін болды. Сіздер мүмкін мына хикаяларды көріп, естіген боларсыздар: «Тақтардың ойыны», «Американдық қорқынышты хикая», «Өсекшілер», «Тылсым күштер», «Өте біртүрлі әрекеттер», «Шерлок» және «Рим».
Тарихтан біраз сыр шертсек
Хикаялар 20 ғасырдың басында-ақ телевизиялық форматта ғана емес, ғаламтор арқылы онлайн түрде көрсетіле бастады. Жалпы, хикаялардың пайда болу тарихы телевидение тарихы секілді көнеден басталған жоқ.
Телехикаялар тарихы 19 ғасырдың басынан бастау алады, сол кезде теледидар арқылы «сағызша созылған хикаяларды» көрсете бастады. Сол уақытта телевизия саласының мамандары жалғасатын сценарийі бар, яғни көрермендер арнаны ауыстырмай ұзақ уақыт бойы көре алатын, бірінен кейін бірі жалғасатын қызықты хикаяларды көрсететін фильмдер түсіруді ойлай бастады. Теледидар экранынан алғаш көрсетілген хикая – «Жалғызбасты рейнджер» 1949 жылы АҚШ-та түсірілді. Демек, хикаяның пайда болуы мен дамуына Американың қосқан үлесі зор. Медианы пайдаланушылардың басым бөлігі үйде отырған келіншектер болды, олар бос уақыттарында теледидар арқылы хикаяларды тамашалап, радиодан бағдарламалар тыңдады. «Сағызша созылған хикаялардың» арасында үйдегі әйелдерге қажетті болып табылатын сабындар мен тұрмыстық дүниелер жарнамаланды. Осылайша, американдық БАҚ-та радио арқылы (кейін телевидениеде) драмалық бағдарламаларды анықтау үшін жарнамалық үзілістері бар жаңа термин пайда болды.
КСРО ыдырағаннан кейінгі телехикаялар
Танымал американдық және мексикалық хикаялар кеңестік көрерменге бірден жете қойған жоқ. КСРо кезінде шетелдік киноконтентке тыйым салынған, сондықтан биліктің рұқсат еткен дүниелері ғана көрсетілетін. Тек КСРО ыдырағаннан кейін кеңестік кинематограф пен жалпы киноөндіріс толықтай өзгеріске ұшырады, іш пыстыратын және «сұр» фильмдердің орнын көңіл-көтеретін хикаялар мен шетелдік фильмдер алмастырды. Содан бері кеңестік кезеңнен кейінгі мемлекеттердің телевидение мен киноөндіріс салаларында үлкен өзгерістер орын алды. Мексикалық және латын америкалық хикаялардың легі басталды. «Санта Барбара», «Күң Изаура», «Байлар да жылайды» секілді телехикаяларды бүкіл отбасы болып, үлкені де, кішісі де үйдегі көк жәшіктен тамашалауды әдетке айналдырды.
Қазақстандық хикаялар үрдісі
Өндірістің дамуы шетелдік хикаялар көрсетілімімен ғана шектелген жоқ – отандық өнімдегі хикаялар түсіріле бастады. Осылайша, 1995 жылы «Тоғысқан тағдырлар» атты ең алғашқы отандық хикаясы көрерменге жол тартты. Бірнеше он жылдықтан соң, телехикаяларымыздың түрік пен көрей хикаялары секілді танымал бола бастағанының куәсі болдық. Жергілікті телеарналар мен Желіде онлайн арқылы белгілі және жас актерлар мен актрисалардың қатысуындағы қазақстандық хикаяларды тамашалауға болады. Негізінен, үрдіс отбасы мен жастар аудиториясына арналған хикаяларды қамтиды. «Сәбина келін», «Патруль», «Kzландия», жастарға арналған «Вузеры», «Нархоз», «Ауылдан қашу» комедиялық хикаялары немесе «Ана жүрегі», «Махаббатым жүрегімде» драмалық хикаялары американдық телехикаялардан еш кем емес. Жыл өткен сайын біздің киномыз жан-жақты дамып келеді – техникалық жағынан да, сюжеттік желісі де, режиссерлік, операторлық және актерлік жұмыстары да алға қарай жылжуда. Оған көлемді кассалық жинаққа ие болған «Аға ма әлде неке ме?», «Қазақша кәсіп Америкада», «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» фильмдері және қазақстандық телевидениеде көрсетілетін хикаялар дәлел.
«Ауылдан қашу» хикаясынан көрініс
Фэнтезилік хикаялар үрдісі
Қазақстандық картиналар көбінесе келіндер мен жастар өмірі жайлы немесе тұрмыстық сюжеттерге негізделген болса, америкалық хикаялар әлемдегі миллиондаған көрерменді билік үшін таласу, римдіктер мен америкалық құдайлар және фантастикалық мақұлықтарға қатысты сюжеттерімен баурап алатыны рас. Фэнтезилік хикаялардың өзекті болуы - әр көрермен өзін сол кейіпкердің орнына қойып, сезіне білгендігінде шығар. Егер ондаған жыл бұрын көрермендерді қарапайым кейіпкерлердің мектептегі, жоғары оқу орнындағы немесе жеке өмірін баяндайтын хикаялар (мысалы, «Үлкен шаһардағы жыныстық қатынас», «Өсекші») қызықтырса, қазіргі көрермен күнделікті қалыпты сюжеттерден жалыққан сыңайлы, олар жаныстық қатынас, қантөгіс, шайқас, билікке таласу, эльфтерден кентаврларға дейінгі мифтік мақұлықтар, шиеленіс, соғыс сынды ерекше жанрлы көріністер мен сюжеттерге назар аударатын болған. Көрермендер осындай хикаяларды тамашалауға кештерін, демалыстарын арнап жатады, мысалы «Тақтардың ойынына» бір сағаттан бастап, кейде бірнеше жылдарын жұмсайды. Хикаялар – кино жанры ғана емес, өзіндік қызықты оқиғасы мен үлкен аудиториясы бар толықтай мәдениет.
Әлима Пардашева
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін