È

«Оушеннің 8 құрбысы» фильмі «Суперотбасы – 2» картинасын айналым үздігінен ығыстырды

21-24 маусым аралығындағы кассалық жинақ

«Суперотбасы – 2» анимациялық фильмі айналым үздігі ретінде тұрақтай алмады. Картинаны бірінші орыннан «Оушеннің 8 құрбысы» қылмыстық атыс-шабыс фильмі ығыстырды. Өткен аптада кім үздік бестікке ілініп, қай киножаңалық қандай касса жинады екен, төменнен оқыңыздар.

Кассалық жинақ* рейтингінде «Оушеннің 8 құрбысы» қылмыстық хикаясы көш бастап тұр. Фильм 82 535 250 теңге жинады. Картина Стивен Содербергтің «Оушеннің 11 досы» және «Оушеннің 12 досы» атты жұмыстарының ремейкі болып табылады. Жаңа нұсқасының режиссері - Гэри Росс. Қоюшы «Аштық ойындары» (2012) және «Джонсоның бос штаттары» (2016) фильмдері арқылы таныс.

«Суперотбасы – 2» мультфильмі екінші орынға ығыстырылып, екінші аптада 56 987 418 теңге жинады. Картина айналым уақытында барлығы 223 061 096 теңге жинаған. Мультфильм музыкасын «Оскар» иегері Майкл Джаккино жазды, ол анимацияның бірінші бөлімімен де айналысқан болатын. Соңғы жылдары композитор «Басқатырғыш», «Зверополис», «Жоғары», және «Дәрігер Стрэндж» картиналарына музыка жазған.

«Суперотбасы 2» фильмінен көрініс
«Суперотбасы 2» фильмінен көрініс

«Юрск кезеңі әлемі 2» шытырман оқиғалы таспасы 27 729 000 теңге жинады. Колин Треворроу негізгі сценарийді 2015 жылы Дерек Конноллимен бірге жасаған саяхатында ойластырған. Бірақ, 2016 жылы жазда Треворроу мен Коннолли жобаға режиссер Хуаа Антонио Байонаны шақырды, сондықтан сценарий қоюшының көзқарасымен біраз өзгертілді.

«Тұла бойы сұлу» комедиясы кассаны 19 483 200 теңгеге толтырды. Алғашында басты кейіпкердің ғашығының рөліне британдық актер Рейф СполлРәсім») бекітілген. Алайда, оны 2014 жылы «Викингтерге» түскен Том Хоппер алмастырды. Картинадағы эпизодтық рөлдерді топ-сәнбикелер Эмили Ратаковски мен Наоми Кэмпбелл сомдады.

Үздік бестікті 13 968 700 теңге жинаған «Қашу жоспары 2» атыс-шабыс фильмі аяқтайды. Фильм 2013 жылы шыққан аттас картинаның сиквелі болып табылады. Продюсерлердің талаптары бойынша актерлік құрам толықтай өзгертілді. Жаңа бөлімінде алдыңғысынан Сильвестр Сталлоне мен Кёртис Джексон (50 Cent) ғана қалды.

«Тұла бойы сұлу» фильмінен көрініс
«Тұла бойы сұлу» фильмінен көрініс

«Эскобар» өмірбаяндық фильмі тұсаукесерлі демалыста 3 852 115 теңге жинады. Хавьер Бардем режиссер Фернандо Леон Де Араноамен бірінші рет жұмыс істеп отырған жоқ. Бардем оның 2002 жылғы «Күнді дүйсенбілер» фильміне түскен. Бардем киноға жары Пенелопа Круспен де алғаш рет түсіп отырған жоқ. Жұптың қоржынында «Эскобарды» санамағанда, бірге түскен 10 жоба бар. Соның ішінде «Барлығы біледі» (2018), «Кеңесші» (2013) және «Кристин Барселонның Викиі» (2008).

«Түнгі ауысым» ресейлік комедиясы 1 291 500 теңге жинады. Картина режиссері Марюс Вайсберг болды, ол «Жеңіл жүрісті әже» фильмін және «Үлкен қаладағы махаббат» трилогиясын түсірген. Алғашында қоюшы «ТНТ» арнасы үшін жобаның сынамалы нұсқасын түсірген, бірақ кейін идеяны толықметражды фильмге дейін жеткізді.

«Эскобар» фильмінен көрініс
«Эскобар» фильмінен көрініс

«Құбыжық туралы аңыз. Ымырт» қорқынышты фильміне айналымдағы алғашқы апта 1 226 900 теңге әкелді. Таспа продюсер Фритц Бёмнің бірінші режиссерлік жұмысы болды. Фильм сценарийін қоюшының өзі жазды. Фильм түсірілімі Нью-Йорк маңында өтіп, 23 күнге созылды.

Екінші апта «Естелікке сурет» ресейлік хоррорына бар-жоғы 572 954 теңге сыйлады. Фильмнің айналым барысында жинағы 4 849 040 теңгені құрайды.

«Еріксіз алаяқтар» картинасы 504 000 теңге, ал «Болашақ әлемі» фильмі 492 100 теңге жинады.

Осы материалда ұсынылған фильмдер әлі де айналымда. Ыңғайлы көрсетілім кестесін кинотеатрлар афишасынан көруге болады.

 

*Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер