Қазақстандық фильмдер «Үміт» кинобайқауының жүлдегерлері атанды
Бішкекте ТМД елдерінің «Үміт» жас киносы V форумы аяқталды. Кинокөрсетілім жүлдегерлерінің арасында қазақстандық үш режиссердің жұмыстары да бар. Фильмдер Халықаралық байқаудың бағдарламасына қатысқан болатын.
«Үздік ойнамалы фильм» жүлдесін Асылхан Шәкеновтың «Бір күні кішкентай қалада» картинасы жеңіп алды. Таспада әр таң сайын автобусын күтіп тұратын жігіт жайында баяндалады. Кейіпкер бір күні автобус күтіп тұрып, бойжеткенді байқап қалады. Сол сәттен бастап өзінің жалғыз емес екенін түсінеді.
«Үздік деректі фильм» номинациясын Жайық Белқожаевтың «Мен оралдым» картинасы иеленді. Фильм оралман жайында баяндайды. Ол тарихи отанына оралып, Жаркент маңына көшіп келеді де, жеке кәсібін ашады.
«Мен оралдым» фильмінен көрініс
Айта кету керек, «Мен оралдым» фильмі II Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалінде «Үздік деректі фильм» атанған.
Евгений Лумповтың «Жол» деректі фильмі арнайы дипломмен марапатталды.
ТМД елдерінің «Үміт» жас киносы V форумы Қырғызстандағы адамгершілік, тәрбиелілік пен мәдениет жылына арналған. Биылғы жылы көрсетілімге Қазақстаннан 6 фильм қатысты. Оларға Қырғыстаннан, Литвадан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген жұмыстар бәсекелес болды.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін