È

Ақан Сатаевтың «Кәсіпкерлерінің» тұсауы Almaty Film Festival-де кесіледі

Ақан Сатаевтың «Кәсіпкерлерінің» тұсауы Almaty Film Festival-де кесіледі

15 қыркүйек күні Алматыда алғашқы Халықаралық Almaty Film Festival кинофестивалі басталады. Фестиваль Қала күнін тойлау аясында «Мәдениеттердің жақындасуы» ұраны бойынша өтеді. Кинокөрсетілім ұйымдастырушылары баспасөз конференциясын өткізіп, алдағы шара жайлы толық айтып берді.

Almaty Film Festival – халықтың кино өнеріне деген қызығушылығын арттыруға және халықаралық байланысты нығайтуға бағытталған және қазақ киносын дамыту мақсатында құрылған жаңа алаңқай. Фестиваль Алматы қаласын Орта Азиядағы ірі мәдени әрі туристік орталық ретінде таныстырады және Қазақстандағы киноөндірістің жаңа мүмкіндіктері мен артықшылықтарын көрсетеді.

Баспасөз конференциясы
Баспасөз конференциясы

«Алматы кинофестивалін қала әкімінің бастамасымен Astana Film Fund қоры ұйымдастырды. Фестиваліміздің басты мақсаты - мәдениетті жақындату. Алдымызда мынадай мақсат тұр – елімізге, әсіресе қаламызға халықаралық жобаларды тарту және Алматыны фильмдер түсіріліміне арналған локация ретінде қарастыру, көөнімдер құруға, біріккен жобаларды жасауға бағытталған алаңқай құру», - деді Almaty Film Festival президенті Ақан Сатаев.

Фестиваль екі кинотеатрда – Cinemax Dostyk Multiplex және Lumièra-да өтеді. Көрсетілімді Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі ашады, бұл картинадағы рөлі үшін Самал Еслямова Каннда үздік актриса атанды. Фестиваль Ақан Сатаевтың «Кәсіпкерлер» атты жаңа картинасының тұсаукесерімен аяқталады.

«Айка» фильмінен көрініс
«Айка» фильмінен көрініс

Бағдарлама директоры Елена Ларионованың айтуынша, кинофестиваль негізгі байқау мен байқаудан тыс бағдарламадан тұрады: «ЮНЕСКО», «Cityinmotion», «Отбасылық кино» және «Арнайы көрсетілім». «Мәдениеттердің жақындасуы» негізгі байқауында түрлі елдерден келген кинематографшылардың 10 картинасы қатысады, ал байқаудан тыс 21 фильм көрсетіледі.

Қатысушыларды кинопродюсер Гүлнар Сәрсенова, француз продюсерлері Пьер Спенглер және Марк Рускар, неміс актрисасы, «Алтын Глобус» жүлдесінің иегері Настасья Кински бағалайтын болады. Сарапшылар комиссиясына белгілі ресейлік сценарист, режиссер әрі продюсер Сергей Бодров төрағалық етпек.

«Кәсіпкерлер» фильмінен көрініс
«Кәсіпкерлер» фильмінен көрініс

«Фестиваль тұжырымдамасына өз жұлдыздарына: продюсерлер, режиссерлар, сценаристерге бағытталатын Пусан кинофестивалінің негізін енгіздік. Сонымен қатар, Канн кинофестивалінен үлгі алуға тырысамыз, ол жақтағы ұйымдастыру мен көрсетілім өткізуді бақыладық. Біздің басты мақсатымыз – Almaty Film Festival-ден отандық кинематографты дамытуға арналған құрал жасау», - деді фестивальдің бас продюсері Ернар Құрмашев.

Сондай-ақ, Алматы кинофестивалінің аясында жобалар питчингі өтеді, оны актриса Әсел Сағатова басқармақ. Өтініштерді қабылдау аяқталды. Комиссия 69 дайын сценарийді іріктеп алды. Финалға 10 жоба өтеді, оның біреуі жабық дауыс беру нәтижесі бойынша толықтай түсірілім қолдауына ие болады.

Баспасөз конференциясы
Баспасөз конференциясы

Almaty Film Festival мен питчинг жеңімпаздары 19 қыркүйек күні Республика сарайында жарияланады. Жабылу салтанаты кезінде «Тұлпар» киножүлдесі де табысталады.

Айта кетсек, кинофестивальге кіру тегін.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер