È

«Қысқаметражды киноға арналған жиын өтті

В КазНАИ прошел круглый стол, посвященный короткометражному кино. Казахстанское кино

Таяуда Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Кино теориясы мен тарихы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Қысқаметражды кино: көркемдік ерекшеліктері мен даму бағыты» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Қазақ киносының жаңа кезеңдегі қысқаметражды фильмдері аталмыш оқу орнының «Кинотану» мамандығының студенттері арасында қызу талқыланды.

Дөңгелек үстел аясында осы тақырып төңірегінде 1-3 курс студенттері мен кафедра оқытушылары: «Қысқаметражды фильм түсірудегі мақсат қандай? Олар тек фестивальдер үшін қажет пе? Фестивальден кейінгі жайы қалай болмақ? Байқаулардың қажеттілігі? Олардың ғұмыры қанша жылға созылмақ? Туындылардың қозғап жатқан тақырыптары қандай? Олардың режиссерлық ерешеліктері? » деген сынды мәселелерді ортаға салды.

«Бүгінгі қазақ киносында, әсіресе, қысқаметражды фильмдер бағытында тақырыптық ізденіс пен режиссерлық шешімдер жағынан ерекше сарын, қуантарлық құбылыс байқалып отыр. Ерекше атап айтуға болатын тағы бір жағдай – қысқаметражды фильмдердің өндірісінің артуы. Ауқымды қаражатты, көп уақытты талап етпейтін мұндай туындылар түсіру – жас кинематографистер үшін кино өнеріне алғашқы ұтымды қадам десек те болады. Бір ғана 2016 жылдың өзінде 200-ден астам қысқаметражды фильмдер түсіріліпті. Сандық жағынан айтарлықтай жақсы көрсеткіш әрине, алайда сапа тұрғысынан да осал емес. Бұл жас кинематографистердің үлкен ізденіс үстінде екендігін, кино өнеріне деген қызығушылықтарының басым екендігін аңғартады», – дейді Ержан Жұмабеков.

Әлем киносында қысқаметражды фильмдер өндірісіне де, олардың көркемдік сапасын саралау бағытында арнайы ұйымдастырылатын кинофестивальдар мен форумдарға да үлкен мән беріледі. Дүниежүзінің 250 астам қалаларынан келіп түскен 900 ден астам фильмдер арасынан іріктелген бір ғана "Манхеттен" қысқаметражды фильмдер фестиваліне жыл сайын 100 000 астам көрермен жиналады екен. 2016 жылдың қыркүйек айында Ресейдің 11 ірі қалаларында көрсетілген халықаралық "Kinematic Shorts" қысқаметражды фильмдер фестивалінің бағдарламасының да көрермендері көп болды.

ТМД елдері арасында да көпшілік көрерменді аса қызықтыратын мұндай байқаулар баршылық. Соның бірі көршілес Қырғыз еліндегі 2011 жылдан бері үзбей сәтті өткізіліп келе жатқан «Кыргызстан – страна короткометражных фильмов» фестивалі.

Біздің елімізде биылғы жылы үш бірдей республикалық кинофестивальдің қысқаметражды фильмдерге арналғандығы да тілге тиек болды. Олардың қатарында Алматы («Байқоңыр»), Астана («Сарыарқа»), Орал («Жайық») қалаларында өткізілген республикалық қысқаметражды фильмдер фестивальдерін айтуға болады. Және де Халықаралық деңгейдегі «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептердің фестивалі, «Евразия» кинофестивалі аясындағы «Қысқаметражды фильмдер» байқауларын да атап кеткен жөн. Мінекей, тақырыптың маңыздылығы да осында. Мұндай байқаулар - кино өнеріне тамшыдай болсын үлес қосқысы келетін, таудай талабы бар жастарға зор мүмкіндіктердің барын көрсетеді.

Дөңгелек үстел барысында бірнеше қысқаметражды фильмдер талданып, ішінен 12-сі үздік деп танылды. Олардың барлығы дерлік Халықаралық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған туындылар. Олардың қатарында халықаралық байқаулардың жүлдегерлері бар:Елзат Ескендірдің «Өліара», Шарипа Оразбаеваның «Картоп жегіштер» , Дархан Төлегеновтің «Таң сәулесінің шапағаты» және «Маршрут» , Берік Жахановтың «Еркек», Диас Кулмаковтың «Аялдама» , Айсұлтан Сеитовтың «Шакал», Ольга Коротьконың «Голубь на крыше» , Бану Рамазанованың «Жер-Ана», Қайша Рахимованың «Ақшатау», Малика Зенгердің «Стучите громче» және Самғар Рахымның «Майлыбайдағы оқиға». Барлығына арқау болып тұрған тақырып – тәрбие, отбасы, қоғам. Мәселен, толық емес отбасының, ондағы әке мен бала, ана мен бала арасындағы қатынас, ғаламторға тәуелді мектеп жасындағы балалар, ауыл мен қала, жасөспірімдердің бір-бірімен қарым-қатынасы, жұмыссыздық, еңбек ету, басқа да әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер төңірегінде өзекті тақырыптар көтерілген.

Айжан ЕСЕНГЕЛДІ,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының

"кинотану" мамандығының 2- курс студенті

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Нұржұман Ықтымбаев

Актер